Жексенбі, 17 Қараша 2019

Алматы облысы әкімдігінің
                                                                           2016 жылғы «18» шілдедегі
                                                                           № 394 қаулысымен
                                                                           бекітілген

«Алматы облысының жер қатынастары басқармасы»
мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже

1. Жалпы ережелер

1. «Алматы облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жер қатынастары саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Басқарманың ведомствалары жоқ.

3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Басқарма азаматтық-құқықты қатынастарға өз атынан түседі.

6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 040000 Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, № 26 .

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Алматы облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

14. Басқарманың миссиясы: жер қатынастарын тиімді дамытуды қамтамасыз ету, жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану, жерлердің сапалық жағдайын арттыру және мониторингі, облыстың жер қорын бөлу есебін жүргізу, жер учаскелерін берудің айқындығын қамтамасыз ету, жерге орналастыруды жүргізу болып табылады.

15. Міндеттері:

1) жергілікті деңгейде жер қатынастары саласында мемлекет мүдделерін қорғау;

2) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың жер ресурстарын пайдалану және қорғау бөлігінде қызметін үйлестіру;

3) облыстың экономикалық дамуы мақсатында жерлерді тиімді пайдалану үшін жағдай жасау болып табылады.

16. Функциялары:

1) облыстың жергiлiктi атқарушы органының жер қойнауын пайдалану мақсаттары (өндіру жөніндегі; бірлескен барлау және өндіру жөніндегі; барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін), магистральдық құбыржолдарды, мұнай және газ өңдеу объектiлерiн, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді салу (реконструкциялау) үшін, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобалары, инвестициялық басым жобаларды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес іске асыру, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн беру жөнiндегi, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындары табылған кезде және оларды игеру үшін, магистральдық құбыржолдарды салу (реконструкциялау), жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерiн мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иелiктен шығару жөнiндегi ұсыныстарын және шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;

2) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

3) облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжірибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсіру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерін беру жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

4) аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру жөніндегі облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;

5) жерді резервте қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

6) өз құзыреті шегінде мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

7) өз құзыреті шегінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

8) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

9) облыстың жерді аймақтарға бөлу жобаларын, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалары мен схемаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

10) өз құзыреті шегінде жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

11) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;

12) өз құзыреті шегінде жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

13) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың жер балансын жасау;

14) Жер кодекстің 71-бабына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

15) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

16) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;

17) орталық уәкілетті органға Жер кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат ұсыну;

18) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті органға Жер кодекстің 94-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес жер учаскесіне ауыртпалықты белгілеуге және тоқтатуға өтініш беру жатады.     

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұрауға, Басқарманың құзырына кіретін мәселелерді пысықтауға мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тартуға, тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құруға;

2) жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары саласындағы қызметтерін жетілдіру бойынша облыс әкіміне ұсыныстар енгізуге;

3) Басқарманың қызмет саласына қатысты мәселелер бойынша тапсырмалар беруге, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың өткізетін іс-шараларына қатысуға;

4) лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастыру-техникалық және өзге де көмектер көрсетуге.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

18. Басқармаға басшылықты басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

1) өз орынбасарының және Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;

2) Басқарма қызметкерлерін тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

3) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;

4) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза тағайындайды;

5) өз құзырының шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;

6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;

7) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;

8) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;

9) бюджеттік бағдарламаның іске асырылу барысын үйлестіреді;

10) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтер мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;

11) заңдылықтың, Басқарманың қызметіндегі келісімшарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;

12) жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қолданады және жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;

13) тиісті аудан (қала) әкімдеріне аудандардың (қалалардың) жер қатынастары бөлімдерінің басшыларын қызметке тағайындауға және қызметінен босатуға келісім береді;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.

Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.

23. Басқарманы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басқарма басшысы басқарады.

4. Басқарманың мүлкi

24. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.

Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

25. Басқармаға бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

27. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.